Путин: Ресей Украинамен келіссөздің үшінші кезеңіне дайын

Ресей президенті Владимир Путин мен Ресей делегациясы Минскідегі экономикалық форумда. 27 маусым 2025 жыл.

Ресей президенті Владимир Путин 27 маусымда Минскідегі баспасөз мәслихатында Мәскеу Украинамен келіссөздің үшінші кезеңіне дайын деп мәлімдеді.

"Жалпы айтқанда біз дайынбыз. Уақыт пен өтетін жерді келісу керек" деді ол. Путин Түркия президенті Режеп Ердоған "бұл процесті қолдау бойынша бұрынғы ұстанымында қалады деген ойдамын" деп, келіссөзді Стамбулда өткізуді меңзеді.

"Меніңше, келіссөзде екі тараптың меморандумы талқылануы керек" дейді Путин. Оның сөзінше, екі тараптың бір-біріне тапсырған құжаттары қарама-қайшы.

Путин Минскіде баспасөз мәслихатын өткізіп жатқанда Ресей Украинаның Днепропетровск облысындағы Самар қаласына шабуылдап, бес адам қаза тапты. 23 адам жараланған.

Биыл Украина мен Ресейдің арасындағы алғашқы келіссөз 16 мамырда Стамбұлда өткен. Киев келіссөз алдында атысты отыз күнге тоқтатуды ұсынған. Бірақ бұл ұсынысты Мәскеу қабылдамай келеді. Алғашқы келіссөзден соң екі тарап "1000-да 1000" формуласымен тұтқын алмасқан. Бұған қоса, атысты тоқтату үшін талаптарын тізіп, меморандум ретінде тапсыруға келіскен.

Екінші келіссөз 2 маусымда өтіп, тараптар тұтқындағы ауыр жараланған және денсаулық жағдайы ауыр, сондай-ақ 25 жасқа толмаған әскерилерді алмасуға келіскен. Бұған қоса қаза тапқан әскерилердің сүйегін "6000-да 6000" формуласымен алмасуға да уағдаласқан. Маусымның басында да Мәскеу атысты отыз күнге тоқтатуды қабылдамаған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Атыс тоқтамайды, бірақ тұтқын алмасу жалғаспақ. Стамбұлдағы келіссөзде не айтылды?